Ерекше әсерлендік – Бельгиялықтар Королі Қазақстанға сапары туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Бельгиялықтар Король Филипп пен Патшайым Матильда Ақордадан Астананың ажарын тамашалады. Король Филипп қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, бұған дейін Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға жасаған сапарларын еске алды.

Фото: Ақорда

– Сіздің басшылығыңызбен еліңіз дамудың даңғыл жолына түскеніне ерекше әсерлендік. Сапар кезінде танысу жоспарланған жасанды интеллект, энергетика, атом энергиясы салалары екі ел үшін өте маңызды. Ғалымдардың дөңгелек үстелдегі пікірталасына куә боламыз. Бізбен бірге университеттердің ректорларынан, компания өкілдерінен тұратын үлкен делегация келді, – деді Король Филипп.

Сондай-ақ келіссөз барысында екі елдің ресми делегация мүшелері сөз сөйледі.

Тараптар кездесу соңында көптеген бастама көтерілгеніне көңіл толатынын атап өтіп, іс жүзіндегі ынтымақтастықты одан әрі өрбітуге дайын екенін растады.

Айта кетейік, 11-14 қазан күндері Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді.

Сапар бағдарламасы төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – аса маңызды пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, сондай-ақ тарих пен мәдениет.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королі Филипп пен Матильда патшайымды Ақордада қарсы алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Бельгияны Еуропадағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі деп қарастыратынын атап өтті.