Жоба Bolashak Charity қорының бастамасымен, елорда әкімдігі мен Amanat партиясының қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Сабақтар Астана қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде, сондай-ақ BURO Architecture & Design серіктес ұйымының кеңсесінде өткен. Жобаға аутизм спектріндегі ерекшелігі бар, Даун синдромы бар, психикалық дамуы тежелген, сондай-ақ сөйлеу және есту қабілетінде ерекшелігі бар 15 пен 28 жас аралығындағы жастар қатысты.
Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан бұл бастама ерекше жастардың мамандық меңгеріп, қоғамға бейімделуіне көмектесіп жатқанын айтты.
— «Оқу-өндірістік комбинаттар» — ерекше жастарды түрлі мамандыққа баулитын жоба. Мұнда аспаздық, кондитерлік, тігін ісі, дизайн және сәулет бағыттары оқытылады. Колледждермен бірге әзірленген бұл бағдарлама мектеп пен техникалық-кәсіптік білім арасындағы байланысты күшейтті, — деді ол.
Оның айтуынша, қазір жоба аясында жастарды оқытумен қатар, оларды жұмысқа бейімдеуге де көңіл бөлініп отыр.
— Бүгінде ерекше жастардың тек білім алуы аздық етеді. Олардың қоғамға араласып, тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау да маңызды. Сондықтан қазір жастарды жұмысқа бейімдеуге көбірек көңіл бөлініп отыр. Бұл олардың жаңа ортаға үйреніп, өз орнын табуына көмектеседі, — деді Динара Гаплан.
Жобаға қатысушылардың бірі — 15 жастағы Батырхан Ұлықманов. Оның ата-анасы ұлына көбірек мүмкіндік жасау үшін Көкшетаудан Астанаға көшіп келген.
Батырханның анасы Гүлжайна Буранова бұл жоба баласының өміріне жақсы өзгеріс әкелгенін айтады.
— Жоба туралы естігенде біз үшін үлкен үміт пайда болды. Оқу барысында Батырхан жаңа дағдыларды меңгеріп, командамен жұмыс істеуді үйренді. Бастаған ісін соңына дейін жеткізуге дағдыланды. Ең бастысы — достар тапты. Бұл біз үшін үлкен жетістік болды, — деді ол.
Инклюзивті «ТАТА» кондитерлік цехының негізін қалаушы Айгүл Ешматова жоба аясында ерекше жастарды жұмысқа бейімдеу бағыты қолға алынғанын айтты.
— Біз үшін бұл серіктестік тек түлектерді жұмысқа қабылдаумен шектелмейді. Ол ерекше жандарға қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір көптеген кәсіпкер ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмысқа алуға дайын. Алайда оларды ортаға қалай бейімдеу керек екенін біле бермейді. Сондықтан қор мамандарының қолдауы өте маңызды, — деді ол.
Оның айтуынша, жаңа жоба аясында биылғы және алдыңғы лек түлектерінің алтауы жұмысқа орналасады.
— Мен ұлым сияқты жандар достар тауып, ортаға араласып, өмірден өз орнын таба алатын орта құрғым келеді, — деді Айгүл Ешматова.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба 2024 жылдан бері Астана, Қарағанды, Орал және Атырауда жүзеге асырылып келеді. Осы уақытқа дейін 133 жас оқудан өткен. Оның ішінде 14 адам тағылымдамадан өтіп, 5-еуі жұмысқа орналасқан. Ал 29 қатысушы колледжге түскен.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда кәмелет жасына толған ерекше жандарға арналған мемлекеттік күндізгі орталықтар ашылуы мүмкін екені хабарланған еді.