«Ерекше маңызды сапар» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 ақпан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Ерекше маңызды сапар» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалада кеше кешке жақын Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Қы­тай Халық Республикасының астанасы Пекин қаласына келгені айтылады. «Осы күні Елбасы өзі түскен Қы­тайдың мемлекеттік «Дяоюйпай» рези­денциясында Ху Цзиньтаомен бейресми кездесті. Оған екі жақтан бір­қатар лауа­зымды тұлғалар қатысты. Кездесуден кейін Қытай Халық Респуб­ли­касының Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа кешкі қонақасы берді. Қытай жағы Елбасының бұл сапа­рына ерекше мән беруде. Мемлекеттік сапардың ресми бөлігі бүгін басталады», -делінген мақалада.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Үміткерлер іріктеліп жатыр» деген тақырыппен мақала басылды. Онда атап көрсетілгеніндей, Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенті лауазымына үміткерлердің өтінішін қабылдауды тоқтатты. Белгіленген мерзімге дейін кезектен тыс президенттік сайлауға үміткер ретінде 22 адам өтініш беріп үлгерген. «Олардың 4-еуі дүбірлі додаға қоғамдық бірлестіктердің атынан түссе, 18-і өзін-өзі ұсынды. Әзірше Нұрсұлтан Назарбаев қана ҚР президенттігіне кандидат ретінде ресми тіркеліп тұр. Ол белсенді сайлау құқығы бар азаматтардың 8 пайызға жуығының дауысына ие болып отыр. Ал оның оппоненттері - Сәлім Өтен, Мэлс Елеусізов, Мұсағали Дуамбеков және Гүлдана Тоқбаева өз жақтастарының қолдарын жинап жатыр»-, делінген мақалада.

Сондай-ақ газеттің бүгінгі санында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтан алынған сұхбат шықты. Тақырыбы «Жаңа заң бізге жаңа бағыт береді». Сұхбатта жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» заңның негізгі бағыттары, ғылым мен білім саласындағы орын алатын өзгерістер мен инновациялық дамуға бет түзеген жаңа шешімдер, ғалымдардың мәртебесі мен білім саласын қаржыландырудың басты тетіктері туралы әңгіме өрбиді.

***

«Алаш айнасы» басылымы «100 спорттық кешен ауыл балаларын қуанта ала ма?» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда кеше өткен ҚР Туризм және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде айтылған ел спортының өткен жылғы толағай табыстары баяндалады және болашақта министрліктің ауыл спортының дамуына арналған «100 спорт кешені» атты бағдарламаны ұсынып отырғандығы жеткізіледі. «Министр сөз арасында ауыл спортын да назардан қалдырмады. «Әсіресе ауылдық жерлердегі балаларға ерекше көңіл бөлу қажет. Қазіргі кезде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасынан кейін 100 спорт кешенін салуды ұсынып отырмыз», - деп атап көрсетті министр Т. Досмұхамбетов», - деп жазады басылым.