«Ерекше толқу болды»: Айбота Ертайқызы Азия чемпионатында қателік жібермей өнер көрсеткенін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық гимнаст Айбота Ертайқызы Бішкекте (Қырғызстан) өтіп жатқан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Жарыстан кейін спортшы финалда қателік жібермей өнер көрсеткенін айтты.

Фото: ҚР ҰОК

Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі жазды.

– Азия чемпионатының жекелей көпсайыстағы финалы аяқталды. Бұл өте жауапты сын еді. Ерекше толқу болды. Соған қарамастан өзімді қолға алып, сәтті өнер көрсете алғаныма қуаныштымын. Нәтижесінде төрт жаттығудың барлығын да қатесіз орындап шықтым. Осы жарысқа дайындық барысында қолдау көрсетіп, көмектескен жеке бапкеріме және Әлия Юсуповаға алғысымды білдіремін. Командам мен жаттықтырушылар құрамының еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың қолдауы болмаса, мұндай нәтижеге жету де мүмкін болмас еді, - деді Ертайқызы.

Финалда Айбота Ертайқызы жалпы есепте 113,65 ұпай жинады. Бұл - оның Бішкектегі екінші жүлдесі. Бұған дейін ол командалық көпсайыста күміс медаль алған болатын.

Ертең, 26 мамырда гимнаст жекелей жаттығулардағы финалдық сайысқа қатысады.

Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілдері Бішкекте (Қырғызстан) өтіп жатқан Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болғанын жазған едік.