Ересектер арасында Төрехан Сабырхан Қазақстан біріншілігі финалына шықты

Фото: Фото: Бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Ересектер арасында бокстан Қазақстан чемпионатында алғаш рет шаршы алаңға шыққан Төрехан Сабырхан (67 келі) финалға дейін жетті.

Ол жартылай финалда Жамбыл облысынан келген Елнұр Сүйінбайдан төрешілер шешімі бойынша басым түсті. 

Айта кетсек, Төрехан жастар және жасөспірімдер арасында төрт дүркін Азия чемпионы атағын жеңіп алған. 

Төрехан биыл қараша айында Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

Ол финалда кубалық Дэвид Эспиносаға қарсы жекпе-жек өткізді. Отандасымыз кубалық боксшыға еш мүмкіндік қалдырмай, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Оның ағасы — Махмуд Сабырхан 2023 жылы әлем чемпионы атанса, 2024 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.

Сарапшылар оны көптен бері қазақстандық бокстың болашақ жұлдызы деп атайды. Енді боксшыны ересектер деңгейінде сынап көрудің уақыты келді. Ұлттық құраманың бапкерлер құрамы алдағы уақытта ересектер арасында халықаралық жарыстарда сынап көруі мүмкін. 

Айта кетсек, бұдан бұрын бірқатар боксшылардың финалға шыққанын хабарлаған едік.