Ересектердің дәрістері балаларды зеріктіреді - ШҚО құтқарушылары мультфильм шығарды
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Тентек пен Айя» атты мультфильм балаларға қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шараларын түсіндіреді.
Шыбжық Тентек сырғанақ теуіп, қармен ойнағанды жақсы көреді. Әрине, ол қауіпсіздік шараларын сақтау туралы қаперге де алмайды. Тентекті жөнге салу үшін оның досы Айя әрқашан қасында жүреді. Айяның кеңестері мен ұсыныстарын қысқы демалысты жарақатсыз өткізгісі келетін түгел балалар мұқият тыңдауы керек.
«Кейіпкерлер ретінде қарапайым қыз бен ұлды алдық. Олар арқылы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жазатайым оқиғалардың алдын алғымыз келеді. Шынын айтқанда, балалар ересектердің іш пыстыратын дәрістерін ұнатпайды. Сондықтан, біз өздеріне қол жетімді және түсінікті тілмен түсіндіруді жөн деп таптық», - дейді департамент бастығының орынбасары Арман Тоқанов.
Бұл – ШҚО құтқарушыларының Тентек пен Айя туралы шығарған үшінші мультфильмі. Бұған дейін өрт қауіпсіздігін сақтау, суда жүріс-тұрыс ережелері туралы мультфильмдер шығырылған болатын.