Ересектерге қолжетімді спорт нысандары 26 пайызды ғана құрайды - Г. Ықсанова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ересектерге қолжетімді спорт нысандары 26 пайызды ғана құрайды. Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан бұқаралық спортты және дене шынықтыруды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, депутат Гүлнәр Ықсанова осылай мәлім етті.

«Спортқа қаражат ұдайы жеткіліксіз секілді болып көрінеді. Мәселе, қаражаттың тапшылығында емес, мәселе спортқа бюджетті қалыптастырудағы тәсілдің ескіргендігінде. Әрине, облыс әкімдері бұқаралық спортқа қарағанда футбол командарын ұнатады. Дегенмен, республикалық бюджеттен бұқаралық спортқа бөлінетін қаражат та екі пайызды ғана құрап отыр», деді Г. Ықсанова.

Сонымен қатар, депутат спорт нысандарының қолжетімділігі мәселесіне де тоқталып өтті.

«Елімізде 35 780 спорт ғимараты болғанымен, олардың басым бөлігі халыққа, соның ішінде ауылдағы тұрғындарына қол жетімді емес. Екі мыңға тарта спорт нысаны жекеменшік. Сонымен қатар, спорт нысандарының 73 пайызы білім мекемелеріне тиесілі. Мектептердегі спорт залдарының қамтымдылығы 80 пайызды, ал ауылдағы мектептердің қамтымдылығы 60 пайызды құрап отыр. Көптеген жоғары оқу орындарында спорт залдары студенттер үшін тек сабақ уақытында ғана қолжетімді. Ал ересек жұртшылыққа қолжетімді спорт нысандары 26 пайызды ғана құрайды», деді депутат.