Ереван Бакумен қатынастың тез арада қалпына келуіне үміттенеді — Армения СІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Армения бұл процестің негізгі бенефициарларының бірі болғандықтан, Әзербайжанмен қатынастың тезірек салынуы, ашылуы және қалпына келуіне өте мүдделі. Бұл туралы Польшаның TVP World телеарнасына Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
— Теміржол қатынасы туралы айтатын болсақ, сарапшылардың бағалауынша, оның құрылысы кем дегенде екі жылға созылуы мүмкін. Бірақ біз, жүктерді мысалы Әзербайжан Республикасының инфрақұрылымы мен аумағын пайдалана отырып жөнелте және қабылдай аламыз, — деді Мирзоян.
Сыртқы істер министрі Әзербайжанмен бітімгершілік келісімінің мәтініне қазірдің өзінде қол қойылғанын еске салды. Оның айтуынша, Армения тарапы келісімге тезірек қол қоюға дайын.
— Әзербайжан тарапы белгілі бір алғышарттар ұсынып отыр, біз бұл күн тәртібіне келіспейміз. Алайда бітімгершілік шартқа қол қоюдың соңғы рәсіміне дейін де қазірдің өзінде жүріп жатқан немесе қол қойылғанға дейін жүзеге асырылуы мүмкін процестер бар. Мысалы, біз бір-бірімізге төзімділікті арттыру мүмкіндігін және халықаралық платформалардағы ынтымақтастық болашағын талқыладық, — деп атап өтті министр.
Ол сондай-ақ ондаған жылдар бойы созылған қақтығыстардан кейін армян-әзербайжан қарым-қатынасында жиналып қалған проблемаларды, ЕҚЫҰ-ның Минск тобының жұмысының тоқтатылуын, Армения-Әзербайжан шекарасының 12 шақырымын делимитациялау үдерісін еске салды.
— Татуласу процесі уақытты алады. Бейбітшілік орнады, бірақ ол екі жақтан да тұрақты қамқорлық пен күнделікті күш-жігерді қажет етеді. Осы тұрғыда екі тараптың агрессивті риторикасы бұл процесті жеңілдету үшін ештеңе жасамайтынын атап өту керек, — деп түйіндеді Мирзоян.
Еске сала кетсек, Әзербайжан мен Армения Даниядағы кездесуден кейін диалогты жалғастыруға келісті.