Ереванда COP17 халықаралық конференциясы өтеді

ЕРЕВАН. KAZINFORM – 19-30 қазан аралығында Армения астанасында БҰҰ-ның Биологиялық алуантүрлілік жөніндегі конвенциясына қатысушы тараптардың 17-ші конференциясы (COP17) өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: СОР17 конференциясының ұйымдастыру комитеті

Ауқымды іс-шараға әлемнің 190-нан астам елінен келетін 15 мыңға жуық делегат қатыспақ. Олар жаһандық деңгейдегі экологиялық міндеттерді нақты іске асыруға бағытталған жоспарларды талқылайды.

Ресми мәліметке сәйкес, конференцияға қазақстандық делегация да қатысады. Атап айтқанда Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясы аясында Қазақстан мен Арменияның сыртқы істер министрлері кездесіп, COP17 аясындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық мәселелерін пысықтаған еді.

Тоқтала кетейік, іс-шараны ұйымдастыру комитетінен мәлім еткендей, 19-30 қазан аралығында мемлекеттік органдар қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіріледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстан халқына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.