Ереванда қарулы топ бірнеше полицейді кепілде ұстап отыр (ВИДЕО)

ЕРЕВАН. ҚазАқпарат - Армения полициясының ақпараты бойынша, 17 шілде таңертең, бір топ адам Ереванның Эрубени ауданының полиция бөлімшесін басып алған. Түрлі мәліметтер бойынша, олар 6-8 адамды кепілге алған.

Армения президенті Серж Саргсян режимін күштеп тайдыруға үндейтін «Құрылтайшы парламент» және «Жаңа Армения» радикалды қозғалысы жақтаушыларынан құралған қарулы 25 адам полиция бөлімшесінің қақпасын бұзып кірген. 

Құқық қорғаушылардың ақпаратына сәйкес, олардың қолында 6-8 адам бар.
Арменияның ұлттық қауіпсіздік қызметінің таратқан хабарламалары бойынша, радикалды топ Ереванның үкіметтік және әкімшілік ғимараттарын басып алғандары туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы таратуда. Алайда, Арменияның ҰҚҚ хабарлауынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, барлық үкіметтік мекемелер қалыпты режимде жұмыстарын жалғастыруда.
Оқиға орнына арнайы жасақ келіп жетті, сондай-ақ арнайы техника да жеткізілген.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қарулы топтың басты талаптарының бірі - 2016 жылы 23 маусымда Ереван телемұнарасына қарулы шабуыл жасамақ болды деген айыппен 2 айға қамалған «Құрылтайшы парламент» және «Жаңа Армения» радикалды қозғалысының көшбасшысы Жирайра Сефилянды босату.

Жирайра Сефилян «бір топ тұлғалармен бірге, алдын ала келісім бойынша бірнеше қару-жарақ пен оқ-дәрі, жарылғыш заттар немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, сату, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша айыпталуда.

Оқиға орнын полиция қоршауға алды, ол жерде бірнеше жедел медициналық жәрдем көлігі кезекшілікте.
Алдын ала мағлұматтарға сәйкес, атыс барысында қарулы топтың бір мүшесі жараланды.