Қазақстанның Армениядағы елшілігі бұл шараны Жаһандану және өңірлік ынтымақтастық жөніндегі армян талдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлады еліміздің сыртқы саясат ведомствосынан.
Бұл жиынға Арменияның мемлекеттік органдарының, Парламентінің, саяси партиялар мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, Ереванда тіркелген дипломатиялық корпустың қызметкерлері қатысты.
Таныстырылым барысында Қазақстан елшілігі 38-ші сессиясы ағымдағы жылы 28-30 маусымда Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесі төрағалығының бастамалары мен басымдықтарына тоқталып өтті.
Жиналған қауым Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету ісіне қосып отырған айтулы үлесін атап көрсетіп, еліміздің Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалығы бейбітшілік пен ынтымақтастықты, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің арасындағы диалогты нығайтуға оң әсерін тигізетіндігіне үміт білдірді.
Танымал армян саясаттанушысы Степан Григорян 38-ші сессияның қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясына, атап айтқанда 8-ші бабына тоқтала келе, бұл құжаттың қазақстандық дипломатияның нәтижелі жұмысының жемісі екенін баса атап көрсетті.