Ереванда ҰҚШҰ елдерінің әскери ынтымақтастығының бағытын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 маусымда Ереванда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары комитетінің кезекті отырысы өтті. Оған ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Марат Шайхутдинов қатысты.

Отырыс мемлекеттер басшыларының қатысуымен ағымдағы жылы күзде өтетін ҰҚШҰ  Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясына дайындық кезеңдерінің бірі болды.

Шараға қатысушылар 2015 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеу қаласында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі берген тапсырмаларды орындау барысын қарады.

2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік  стратегиясының жобасы бойынша пікір алмасу өтті.

Делегация басшылары халықаралық терроризм, діни экстремизмге бірлесіп қарсы тұруға қатысты мәселелерді, Ұжымдық жедел ден қою күшінің одан әрі дамуын қоса алғанда, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери ынтымақтастығының жекелеген бағыттарын талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының өзара іс-әрекетін жетілдіруге бағытталған бірқатар шешімдерге қол қойды.

Делегация басшыларын Армения Президенті Серж Саргсян қабылдады.