Еревандағы «Звартноц» әуежайында 500 млн долларға жаңа терминал салу жоспарланып отыр

Фото: Арменпресс

АСТАНА. KAZINFORM — Армения халықаралық әуежайларының бас директоры Марсело Венде Forbes журналына берген сұхбатында Еревандағы «Звартноц» әуежайының жаңа терминалының құрылысына 500 миллион доллар инвестициялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Кәсіпкердің айтуынша, соңғы екі жылда әуежайдағы жолаушылар ағыны межеден асып, келушілер саны 5,5 миллионның үстіне шықты. Алайда қазіргі терминал 3-4 миллион жолаушыны қабылдауға арналған. Сондықтан әуежайды кеңейту маңызды мәселеге айналып отыр.

— 2001 жылы Арменияға келгенімізде әуежайдың инфрақұрылымы ескіріп, құлау алдында тұрған еді. Біз оны бірте-бірте қалпына келтіріп, 10 жылдан астам уақыт бойы елге қызмет көрсеткен заманауи терминалды жасадық. Енді даму тенденцияларына сай болу үшін біз алдағы 10 жылда әуежайдың өткізу қызметін екі есеге ұлғайтып, 500 миллион доллар инвестициялауды жоспарлап отырмыз. Қақпалардың саны алтыдан 16-ға дейін, ал келу залдары, иммиграция және кеден аймақтарының саны екі есеге артады. Заманауи залдар салып, автотұрақтарды кеңейтіп, жолаушыларды тасымалдауды жақсартамыз. Сондай-ақ автоматтандырылған цифрлық төлқұжат қақпалары мен жаңа биометриялық төлқұжат жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл Армения азаматтарының шетелдерге, әсіресе Еуропаға баруын жеңілдетеді. Біздің мақсатымыз — Арменияның аймақтағы бәсекеге қабілетті транзиттік хаб мәртебесін алу, — деді Венде.

Еревандағы «Звартноц» халықаралық әуежайын Армения үкіметімен 2001 жылы жасалған 30 жылдық концессиялық келісім бойынша «Armenia International Airports» ЖАҚ басқарады.

«Armenia International Airports» ЖАҚ иесі — American International Airports аргентиналық компаниясы. Ол армян тегіндегі Аргентина азаматы Эдуардо Эурнекианға тиесілі.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент әуежайы Еуропаның деректер базасына енгізілгенін жаздық.