ЕРЕЙМЕНТАУ ТАС МҮСІНДЕРІ

sp;Ерейментау тас мүсіндері - VІ-VІІІ ғасырлардағы Түрік қағандығы кезінде жасалған тас мүсіндер тобы.   Ақмола облысындағы Ерейментау сілемдерінің бойында, Сілеті, Кедей, Торғай өзендерінің жоғарғы ағыстарында орналасқан.

Ескерткішті 1942,1946,1960 жылдары академиктер Ә:Марғұлан, А.Машановтардың жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген.

         Кедей өзенінің бас жағында, Жаушоқы төбесінің етегінде сұр граниттен қашап салынған жергілікті халық «Қос батыр» деп атайтын үш мүсін бар, әрқайсысының аумағы 3,5х3,5 метр. Шеберлер қою мұртты, белдігіне қару асынған, оң қолымен әдемі тостағанды көтеріп, сол қолымен қылыш сабына сүйенген ұстаған әскер басылардың келбетін сәтті бейнелеген. Бүйірінде ажыратып оқуға келмейтін көмескі, көне түркі жазуына ұқсас таңбалар байқалады. Мүсіндерді граниттен қашап жасаған төрт бұрышты екі тас қоршаудың күншығыс іргесіне қадап тұрғызған.

         Сол заманда атақты батырларға, қоғам қайраткерлеріне қоршау ішіндегі тас мүсін тұрғызу оны еске алып құрметтеп, ұрпақтар үлгі етіп рухын көтеру берік дәстүр болып қалыптасса керек. Ерейментау тас мүсіндеріндегі үлкен мүсіннің биіктігі 160 см, ені 40 см, қалыңдығы 23 см.

         Ерейментау тас мүсіндеріндегі гранит тастар осы өңірдегі Қарағайлы алқабынан алынып отырған. Осындай мүсіндердің маңына орналасқан бір обаны зерттеу кезінде түрлі түсті кен тастарының сынықтары кездеседі. Олар оба үйіндісінде күн рәмізін бейнелейтін дөңгелек түрінде белгілі бір тәртіппен орналасқан.

         Ғалымдардың пікірінше, мүсіндер кен орындарын игеріп, металл қорытқан, көне кеншілік кәсіпті пір тұтып, қастерлеуге байланысты туған ғұрыптың нышаны.

 

 

 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энйциклопедиясы 3 том.