Ерейментау аудандық әкімдігі ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға Ерейментау қаласынан 2 үш бөлмелі, 2 екі бөлмелі және 2 бір бөлмелі пәтер мен Новомариновка ауылынан бір үй сыйлады.
Кезекте тұрғандардың тізіміне сәйкес, Салават Зарипов, Саят Арилин, Асқар Сматов, Арман Жұмашев, Арнольд Боргард және Сафроновтар әулеті пәтерлі болды. Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғмановтың бастамасымен пәтер иелеріне кілтті салтанатты түрде еңбек ардагерлері табыс етті.
Жаңа пәтер иелерінің атынан Арман Жұмашев ыстық лебізін білдіріп, тағдырдың тәлкегімен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көңіл бөліп, қамқорлық танытқаны үшін алғыс айтты. Ерейментау ауданының әкімі қоныстой иелерін құттықтай отырып, ауданның болашағы мен алдағы кезеңдегі міндеттерге тоқталып өтті. Сонымен қатар, аудандық Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин жаңа пәтер иелерін құттықтады.