Ереже ауысқанымен баяғы бокс қой - Ә.Ниязымбетов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) ұпайды санау ережесін өзгерткенін әлі естімесе де, аталған бастаманы қолдап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Енді, ондай өзгерістердің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Неге десеңіз, бұған дейін басқасын да көрдік, төрт раундты екі минуттан да көрдік. Сосын үш раунд үш минуттан да болды. AIBА әртүрлі ережелерді енгізіп көріп жатыр. Жоғары жақтағыларға қайсы ыңғайлы, қайсы жақсы, өздері қалай айтады, солай болады. Біздікі тек рингке шығып бокстасу, қарсыласты ұту ғана болды", - деді Ә.Ниязымбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның ойынша, әрбір раундтың қорытындысын жекпе-жектің соңында ғана көрсетуге қатысты бұрмалаушылықтар болмауы тиіс. "Әр раундтың нәтижесі бапкерлерге сырттан жақсы көрінеді ғой. Олар соны айтып отырады. Сосын өзің де ұтып жатқаныңды сезесің. Соққы жібермей, ұпайды жинай берсең, болды. Қандай ереже болса да, баяғы бокс қой. Өзіңе соққы дарытпай, қарсыласты көбірек ұруың қажет", - деп атап көрсетті Ә.Ниязымбетов.

Айта кетейік, жақында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) ағымдағы жылы өтетін барлық жарыстарда боксшылардың ұпайларын жаңа ереже бойынша есептейтінін мәлімдеді. Енді ұпай санына жауап беретін судьялар комиссиясының жұмысын жалғыз комиссия төрағасы ғана атқаратын болады. Ол ұпайды санайтын электронды бағдарламаны тексеріп отырады. Рингтің жанындағы судьялар болса, шаршы алаңның төрт бұрышында отырады. Ал әрбір раундтың қорытындысы жекпе-жектің соңында ғана жарияланады.