Ереже бұзған 400-дей түлектің ҰБТ нәтижеcі жойылды

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 400-дей түлек тест ережесін бұзған. Түлектердің орташа балы – 68.

Ұлттық тестілеу орталығы 396 түлектің тест нәтижесі жойылғанын мәлім етті.

ҰБТ басталғалы бері 211 мың рет тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 76 пайызы шекті балл жинап отыр.

Түлектердің орташа балы – 68, ал әзірге республика бойынша ең жоғары балл – 138. Сондай-ақ ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 577 талапкер қатысты.

Атап айтқанда:

смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 267 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды;

тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 120 адам шығарылды;

бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 9 адамның нәтижесі жойылды;

бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі, яғни 18 пайызы «Математика-Физика», 16 пайызы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. Түлектердің 15 пайызы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған.