Ереже бұзғандар, жоғары балл, таңдалған пәндер: ҰБТ-ның алғашқы қорытындылары жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Ел аумағында негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталды, бүгінде 52 мыңнан астам талапкер бағын сынады. Ғылым және жоғары білім министрлігі тестілеудің алғашқы аптасының нәтижесін жариялады.
Биыл талапкерлердің 66%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде және 65 талапкер ағылшын тілінде тапсырды. Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 62%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 61-ді құрады. Ең жоғары нәтиже — 140 балл — Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек көрсетті.
ҰБТ-ға қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Қазір тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 20%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Шығармашылық емтихан» пәндер комбинациясын тапсырды. 11%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 163 талапкерге тиісті талапқа сай жағдай жасалды.
— Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинетте жарияланады. ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында 55 ереже бұзушылық анықталды. 26 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 29 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ, — дейді министрліктен.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Еске салайық, бүгінде елімізде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу жүріп жатыр, ол 7 шілдеге дейін жалғасады.
Айта кетсек, биыл елімізде 217 мың түлек мектеп бітірді.