Ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнирде қазақстандық спортшылардың мерейі үстем болды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ережесіз жекпе-жектен Алматыда өткен халықаралық турнирде қазақстандық спортшылар барлық кездесуде жеңіске жетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алматыда тұңғыш рет өтіп жатқан халықаралық бұл байрақты бәсекеге ұйтқы болған кикбоксингтен 2 дүркін Азия және Еуропа чемпионы Елмұрат Қайымжанов пен ережесіз жекпе-жектен Әлемнің 3 дүркін және Еуразия құрлығының бірнеше дүркін чемпионы атанған Ардақ Назаров. Оған Бүкіләлемдік абсолюттік чемпиондық федерациясы президенті Георгий Кобылянский, ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған Олег Тоқтаров пен Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Нұрбақыт Теңізбаев, Мәулен Мамыров, Марат Мәзімбаев, Жәдігер Ержанов және тағы басқа да түрлі спорт түрлері бойынша Олимпиада, Әлем, Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері мейман ретінде қатысты. Онда рейтингтік 8 және ТМД мен Еуразия чемпиондығы атақтары сарапқа салынған екі кездесу өтті. Рейтингтік жекпе-жекте 60 киләға дейінгі салмақта Қазыбек Әшімов өзбекстандық Билимбек Шабировтан, Расул Хабидулла қырғызстандық Жамил Жұматаевтан басым түсті. 65 киләға дейінгі салмақта Аслан Тоқтарбаев пен Нариман Мұсаев қырғызстандықтар Рахат Құрбанов пен Урмат Асанбаевты ұтты. 70 киләға дейінгі салмақта Мейірлан Құрманәлиев қырғызстандық Рүстем Жұмалыұлын, Ғалымжан Мырзабаев өзбекстандық Азамат Аракшаевты, ал Азиз Амоев қырғызстандық Руслан Емилбекұлын жеңді. Ал титулдық ТМД чемпионы атағы үшін болған сайыста Бегнар Аманбаев ресейлік Ваха Алиевті, Еуразия чемпионы атағы үшін болған сында Бейбіт Назаров тағы бір ресейлікті - Аслан Алгереевті тізе бүктірді. Жалпы бұл байрақты бәсекеде бақ сынаған қазақстандықтардың бәрі Сағатбек Молдабековтен тәлім алған спортшылар болды.