Ережесіз жекпе-жектің WAFC нұсқасы бойынша Бегнар Аманбаев ТМД чемпионы атанды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ережесіз жекпе-жектен өткен халықаралық турнирде панкратионның WAFC нұсқасы бойынша Бегнар Аманбаев ТМД чемпионы атанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оған кикбоксингтен Әлем Кубогының иегері және Еуропаның 2 дүркін чемпионы Елмұрат Қайымжанов бас төреші, ал халықаралық дәрежедегі төреші Дәурен Қабдыбай рингте қазылық жасады. 1984 жылы Алматы облысының Райымбек ауданы Қақпақ ауылында өмірге келген Бекнар Аманбаев Қазақтың ұлттық туризм және спорт академиясында 4-ші курста оқиды. Джиу-джитсудан спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы, ережесіз жекпе-жектен Еуразия чемпионы және түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Сағатбек Мұсахановтың баптауымен ол бұған дейін 22 кездесу өткізіп, оның бәрінде жеңіске жеткен болатын. Оның бұл жолғы қарсыласы Ресейдің Грозный қаласында 1986 жылы дүниеге келген Ваха Алиев болды. Бушидо клубында Ислам Дацаевтан тәлім алатын ол джиу-джитсу тетсукен ширрюден қара белбеудің иегері. Ережесіз жекпе-жектен және джиу-джитсудан Ресей чемпионы. Джиу-джитсудан иригуми-го нұсқасы бойынша 2005-2008 жылдардағы, жауынерлік самбодан 2007-2008 жылдардағы халықаралық турнирлердің және жауынгерлік самбодан халықаралық «Алтын белбеу» турнирінің жеңімпазы. Бұған дейін 25 кездесу өткізіп бәрінде (13-ін нокаутпен) жеңіске жеткен болатын. Ешқашан жеңілмеген Ваха Бегнарға алғашқы раундта-ақ тізе бүкті. Жеңімпазға панкратионның WAFC нұсқасы бойынша ТМД чемпионы белдігін бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов табыс етті. «Екі спортшы да жеңіске лайық болатын. Кубок жерлестеріңіздің қолында қалды. Ол бұған ерен еңбек сіңірді. Сондай-ақ Әлем чемпиондығына тағы бір табан жақындай түсті», деді турнирдің құрметті мейманы, ережесіз жекпе-жектің кәнігі майталманы Олег Тоқтаров. Бегнардың өзі болса ? «алдағы уақытта да халықаралық байрақты бәсекелерде, Құдай қаласа сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Өзге қарсыластарыма қарағанда ресейлік бұл спортшы біршама қарсылық көрсетті. Бұрын кездескен емеспіз. Ауылда жүрген кезде 5 сыныптан бастап күреске қатыстым. Қалаға келген соң джиу-джитсумен айналыстым. Түрлі рингтерде қаншама рет бақ сынап жүрсем де, бұл кездесудегідей қобалжымаған шығармын. Бүкіл ел үміт артып, көз тігіп қарап отырған соң жауапкершілік жүгі еселей түседі екен. Бұл кездесуде бокстың көмегі көп тиді», деді. Ол осы турнирдің басты жекпе-жегі болып саналатын Бейбіт Назаров пен ресейлік Аслан Алгеревтің кездесуі алдында өнер көрсеткен болатын. Ауылдас ағасының жеңісінен күш алған Бейбіт WAFC нұсқасы бойынша Еуразия чемпионы атанды.