«Бұл біз дәл осындай құрамда, дәл осындай форматта ұйымдастырып отырған алғашқы форум. Аталған шара біздің компаниямыздың дәстүріне айналады деп сенеміз. Форум инновациялық әлеуетті анықтауға, ынталандыру тетіктерін құруға бағытталған»,- деді «Еуразиялық тобы» ЖШС басқармасы төрағасының орынбасары Азамат Бектібаев.
Оның айтуынша, форум барысында көптеген жобалар таныстырылады. Олардың басым бөлігін қазірден-ақ өндіріске пайдалануға болады.
«Соңғы жылдары біздің қызметкерлеріміз 500-ден астам ұсыныс жасады. Егерде аталған инновациялардың жалпы тиімділік сомасын есептер болсақ, ол 17 млрд. теңгеге бағалануда. Бұл өте үлкен сома әрі біз үшін өте маңызды»,- деді Бектібаев.
Форумға топтың 200-ден аса қызметкері, атап айтқанда, инженерлері, механиктері, ІТ-мамандары мен менеджерлері қатысуда. Шара аясында ең үздік жаңашыл жобалар байқауы өткізіліп, жеңімпаздар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен бірге ІТ-мамандар мен ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі мамандар CTF (Capture the flag) форматында Хакатон өткізеді. Хакатон барысында мамандар корпоративтік ақпараттық жүйелерді құру, оларға бұзып кіру және беделін төмендетуге арналған тәсілдерді қолдану саласындағы тәжірибелік дағдыларын көрсетеді.