ERG цифрландыратын 7 мың жұмыс орны: босаған жұмысшылар қайда барады
АСТАНА. KAZINFORM – QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Айдар Қожахметов ERG компаниясының 7 мың жұмыс орнын цифрландыру елдің еңбек нарығына қалай әсер ететінін айтты.
- Вице-министр Олжас Сапарбеков өз баяндамасында ERG компаниясы қауіпсіз және зиянды саналатын 7 мың жұмыс орны цифрланатынын айтты. Бұл цифрландлыру неше адамды жұмыстан босатады. Басқа жұмыс орнына ауыстырылса, айлығы сол деңгейде сақтала ма? - деп сұрады журналист.
Айдар Қожахметов цифрландыру шарасы кейбір жұмыс орындарын қысқартқанын мойындады.
- ERG компаниясының құрамында бірқатар ірі компания бар. Ол – алюминий шығаратын зауыттар, ферроқорытпа өндіретін зауыттар, темір кенін өндіретін зауыттар. Цифрландыру аясында кейбір жұмыс орындары оңтайландырып жатыр. Бірақ бұл жерде ең маңызды мәселе – жұмыс орны мен жалақыны сақтап қалу. Цифрландырылған жұмыс орындарынан босаған адамдар корпоративтік мекемелер арасында бөлініп, басқа қажетті жерлерге қайта оқыту арқылы бағыттап жатыр, - деді ол.
Жаңа кәсіп игеру арқылы компания ішіндегі басқа мекемелерге ауысқан жұмысшылардың айлығы индексацияланатын көрінеді.
- Ол жерде жалақының индексациясы бар. Яғни, жалақыда қатты бір өзгеріс жоқ. Бұрын қандай жалақы алса, басқа жұмыс орнына ауысқанда сол мөлшердегі жалақыны алуы мүмкін. Жалпы ERG-де 60 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соның ішінде 7 мың жұмыс орны ғана цифрландырудан өтеді. Еңбек кодексі бойынша, айлық көлемін сақтау талабы бар, - деді QazIndustry өкілі.
ERG компаниясы 7 мың жұмыс орнын цифрландыратынын жазған едік.