Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынып, күн тәртібі қалыптастырылды.
Бюро отырысында Ерғали Егемберді палата Аппаратының басшысы болып бекітілді.
Н.Нығматулин палата Аппаратының қызметін жетілдіруді ұсынды. Ол өз сөзінде Аппарат Мәжілістің ұйымдастыру, құқықтық, ақпараттық-талдау қызметін қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті. Тек қана ұйымдастыру ғана емес, сапалық жағынан да өзгеруі керек. Аппарат көппартиялы Парламенттің қызметін жүзеге асыруға жан-жақты дайын болуы тиіс.
Осы күні палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Аппаратының қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Аппарат жетекшісін және оның орынбасарларын таныстырды. Палата Бюросының шешімімен Аппарат Басшысының орынбасарлары болып Әлия Қадырбаева, Жасұлан Жүгінісов және Жанар Бекбанова бекітілді.
Мәжіліс Төрағасы Аппарат жұмысының жаңа стандарттары мен функционалдық тетіктерін айқындау жөнінде ұсынысын айтты. Соның арқасында депутаттық корпустың ғана емес, Аппараттың ішінде де бәсекеге қабілеттілік арта түседі.
Кездесуді қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы бес жыл бойы палата органы жұмысын іркіліссіз жүргізуге жетекшілік етіп келген Аппараттың бұрынғы басшысы Ерген Дошаевқа шынайы ризашылығын білдірді және «Нұр Отан» партиясының жоғары марапаты «Белсенді еңбегі үшін» медалін табыс етті. Айта кету керек, Е. Дошаев Парламенттің бесінші шақырылымының депутаты, жуырда «Нұр Отан» ХДП-ның Мәжілістегі фракциясы жетекшісінің бірінші орынбасары болып сайланды.