Ерік Сұлтанов аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімдігіндегі жиналыста 2016 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындысы мен мемлекеттік сатып алуларды өткізу мәселелері көтерілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наталья Дышканттің айтуынша, 36,1 млрд теңгеге жоспарланған жергілікті бюджетке 37,5 млрд теңге жеке кірістер түскен, яғни бұл 103,8%-ды құрайды. Облыстық бюджеттің негізгі кіріс көзін жеке табыс салығы құрап отыр. «Облыс орталығы бойынша жоспардан тыс 252,4 млн теңге, Тайынша ауданы - 3,3 млн теңге түсірді. Аймақтың қалған аудандарында болжам орындалмады», - деді Наталья Дышкант.

«Мен облыс әкімінің аппарат басшысына кірістер бойынша жоспарды орындамаған әкімдерге сөгіс беру туралы бұйрық әзірлеуді тапсырамын», - деді Ерік Сұлтанов.

 

Өңір басшысы аудан әкімдерінің мемлекеттік сатып алуды өткізу жұмыстарын сынға алды.

 

 Наталья Дышкант хабарлағандай, биылғы жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан 46,9 млрд теңге сомасындағы 18  777 мемлекеттік сатып алу жоспарланған. Бюджеттік бағдарламалардың облыстық әкімшілері  22 млрд теңге сомасында - 7034 мемлекеттік сатып алулар белгілеген, соның ішінде 11,4 млрд теңгеге 482 тапсырыс  жариялаған.

Бюджеттік бағдарламалардың аудандық әкімшілері жалпы сомасы 11,8 млрд теңгелік 10 347 мемлекеттік сатып алулар, соның ішінде 4,9 млрд теңгелік 240 тапсырыс жарияланған.