Мегаполисте жаппай тәртіпсіздік 4 қаңтарда басталды. Сол күні таңертең Әмірхан Хакимов әдеттегі көңіл күймен жұмысқа шыққан.
«Күндегіше, таңғы асымды ішіп, сағат 8-де үйден жұмысқа шықтым. Аялдамада автобусты көп күттім, көшеде көліктер сирек екен. Сосын метроға қарай бардым. Жолда бір қария маған «Бұл жерден тезірек кеткенің жөн» деп айтты. Алғашында не болып жатқанын түсінбей қалдым, кейіннен Абай даңғылы бойында келе жатқан бір топ адамды көрдім. Бір ер адамның модульдік полицияға бірдеңе лақтырғаны есімде, ол зат тұтана бастады. Бастапқыда оны мас шығар деп ойладым. Бірақ 2-3 минуттан кейін дыбысты гранаталар ұша бастады. Мен абдырап қалдым, бірнеше қадам артқа шегініп, бұрыла сала үйге қарай жүгірдім. Үйде аяғымның қанап жатқанын көрдім», - деп есіне алды ол.
Әмірханның айтуынша, аяғына әйнектің сынығы кірген екен. Оны алдыру үшін бұрын хирург болып жұмыс істеген зейнеткер көршісіне жүгінген.
«Көршімнен көмек сұрадым, барлық жағдайды түсіндірдім. Ол аяғымдағы әйнектің сынығын абайлап шығарып, перекисьпен тазалап, таңғышпен орап берді. Бақытыма орай, жарақат аса қауіпті емес еді. Біраз уақыттан кейін дәрігерлерге қаралдым, асқынбады», - дейді ол.
Айта кетейік, Әмірхан Хакимов - Қазақстан Қызыл Жарты айы қоғамының волонтеры. Ол бүлікшілер қиратып тастаған Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын тазалауға атсалысып, жағдайы нашар отбасыларға азық-түлік жинап, жеткізуге көмектесті.
«Тәртіпсіздіктен кейін әкімдік ғимаратын тазалауға кірістік. Бізге алдымен қалада жүруге, ғимаратқа кіруге рұқсат берді. Ғимаратты тазалау жұмыстары қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып жүргізілді. Біз өзімізге берілген нұсқаулықты мұқият есте сақтап, соған сай әрекет еттік. Каска, маска, жилет, қолғаппен қамтамасыз етті. Үшінші қабатты тазалап жатқанда үйінділер арасынан тапаншалар, дыбыс шығаратын гранаталар, полиция киімдері, қалқандар, таяқтар табылды. Бірақ біз оларға қол тигізген жоқпыз, бәрін тіркету үшін дереу полиция шақырдық. Жалпы ғимаратты тазалауға 500-ге жуық волонтер атсалысты», - дейді ол.
Сонымен қатар, ерікті жағдайы төмен отбасыларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік таратқанын айтады.
«Волонтер болып жүргеніме көп болды, мамандығым - теміржолшы, бірақ басқа салада жұмыс істеймін. Мүмкіндігінше, қайырымдылыққа ақша аударып отырамын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылғанда мен және әріптестерім қайырымдылыққа ақша аудардық. Жалпы маған адамдарға көмектескен ұнайды. Осындай қиын-қыстау кезеңде, қаңтар оқиғасынан кейін мен де шет қалмай, мемлекетіміздің, қоғамымыздың дамуына үлес қосқым келді», - деп түйіндеді сөзін.