Ерқанат Көпжасарұлы: Отбасы институтын нығайту – мемлекеттің рухани иммунитеті

Фото: Ерқанат Көпжасарұлының жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Конституцияда некені ер мен әйелдің одағы ретінде нақтылау – жай ғана құқықтық норма емес, бұл қоғамның іргелі құндылықтарын қорғауға бағытталған стратегиялық шешім. Бұл пікірді журналист, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Ерқанат Көпжасарұлы білдірді.

Оның айтуынша, бұл норма қоғамда ара-тұра туындайтын даулы әрі негізсіз пікірталастарға нақты жауап беріп, «Отан – отбасыдан басталады» деген ұстанымды заң деңгейінде бекемдейді. Ал мұның түпкі мәні – ұрпақ тәрбиесінің дұрыс арнада қалыптасуына құқықтық әрі идеологиялық тірек қалыптастыру.

– Қазіргі әлемде құндылықтар жүйесі құбылып, түрлі жат ағымдар күшейіп отырған кезеңде мемлекеттің отбасы институтына қатысты ұстанымы айқын әрі бұлтарыссыз болуы қажет. Некені ер мен әйелдің одағы ретінде Конституцияда нақтылау – мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтайтын, қоғамды іштей әлсірететін ықпалдарға қарсы тұратын өзіндік иммунитеті, – деді ол.

Сонымен қатар Ерқанат Көпжасарұлы отбасы құндылықтарын тек Конституцияға енгізумен шектелуге болмайтынын атап өтті. Норманың өміршең болуы үшін нақты әлеуметтік және құқықтық тетіктер қажет.

– Отбасының беріктігі көбіне әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты. Сондықтан жас отбасыларға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын кеңейтіп, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдауды жүйелі әрі мазмұнды ету қажет. Ажырасудың алдын алу үшін тек сот шешіміне иек артпай, медиация мен психологиялық қолдау институттарын мемлекеттік деңгейде дамыту маңызды, – деді Комиссия мүшесі.

Сондай-ақ бала тәрбиесімен айналысатын ата-аналарға, әсіресе аналарға, қашықтан жұмыс істеу немесе икемді еңбек кестесін ұсыну арқылы отбасы мен мансапты қатар алып жүруге жағдай жасау қажет екенін айтты.

– Мен жуырда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында 2026 жылды «Отбасы жылы» деп жариялауды ұсындым. Бұл бастама отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді саясаттың бастауы болуға тиіс, – деді Ерқанат Көпжасарұлы.

Айта кетейік, осы аптада Президентке Конституцияның қорытынды мәтіні ұсынылуы мүмкін.