Кештің басты кейіпкерлерін университет ректоры Тілектес Есполов қарсы алып, жас таланттың болашағына шығармашылық табыс тіледі.
Жеңімпаздың жетекшісі ҚР халық әртісі Марат Омаров ҚазҰАУ-нің оқытушы-профессорлары мен студенттеріне өзінің шәкірті Еркеш Хасенді таныстырды. «Еркеш Хасенді Мәскеу қаласындағы қазылар алқасы мен көрермен қауым жылы қабылдап, үлкен құрмет көрсетті», - деді М. Омаров.
Өнерпаз өреннің өзі де алдағы уақыттарда елін өнерімен қуанта беретінін айтты. Ол енді 22 ақпанда Мәскеуде өтетін байқаудың ақтық кезеңіне қатысады.
12 жастағы Астана қаласының тұрғыны Еркеш Хасен 2010 жылы Астана қаласы әкімінің патриоттық әндер мен әлеуметтік байқауында Гран-при иегері атанды. Сонымен бірге, ол «Айгөлек» атты республикалық телеарналар байқауының жеңімпазы.