Композиция CD Baby музыкалық дистрибьюторының сайтында жарияланған.
Бірнеше күннен соң Itunes, Amazon, Spotify тағы басқа платформаларда Сафардың рухына арналған London Metropolitan Orchestra орындауындағы тағы бір ән жарық көреді.
«Ресми түрде айтамын. Әндердің сатылымы мен жүктелуінен түскен қаражат ауыр науқас балалардың ем-шарасына жұмсалады. Сафар аз өмір сүрді. 2014 жылы американдық «Чапман» университетін бітірді. Университетте оқып жүріп-ақ, NFFTY фестивалінде «эксперименталды кино» аталымында екі рет номинант болды. Сафар оқыған мектепте Athenian School(San Francisco) Сафар Шәкеев атындағы арнайы құрмет грамотасын тағайындағанын естіп жатырмыз», - деді Е. Шәкеев.
Әкесінің айтуынша, Сафар өте мейірімді қайырымды адам болған.
«Үйі жоқтарға, жануарларға көмегін аямайтын. Таныстарына ақысыз видео түсіріп, науқас балаларға қаржы жинау үшін видео жасады. Қайырымдылық шараларының ортасында жүретін. Спортпен де жақсы шұғылданды. Оның бапкері Жасталап Санауовтың мұрындық болуымен Қазақстан Каратэ-до федерациясы Сафар атындағы турнир ұйымдастырды», - деп жазды әнші парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Еркеш Шәкеевтің ұлы Сафар Шәкеев былтыр 16 шілдеде із-түссіз жоғалып, 12 күннен соң оның өлі денесі Алматыдағы Есентай өзенінен табылды.