Еркін күрес шеберлері Азия чемпионатында 3 медаль алды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлан-Батырда өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық еркін күрес шеберлері бүгін 3 медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркін күрестен жарыстың алғашқы күні Рахат Қалжан 57 келіге дейінгі салмақта финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, үндістандық Рави Кумарға 2:12 есебімен есе жіберді. Сөйтіп, ол күміс жүлдегер атанды.

Сонымен қатар, Сырбаз Талғат 70 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдесуде ирандық балуанды 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Тағы бір қазақстандық Мамед Ибрагимов 97 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық қарсыласын 3:2 есебімен ұтып, ол да қола медаль иегері атанды.

Еркін күрестен Азия чемпионаты ертең де жалғасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рахат Қалжанның күрестен Азия чемпионатының финалына шыққанын жазған болатынбыз.