АСТАНА. ҚазАқпарат - Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан еркін күресінен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында екі қазақстандық жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
12 шілдеден бастап күрес түрлерінен 15 және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Жарыстың сегізінші күнінде еркін күрестен 20 жасқа дейінгі жастар 5 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қазақстандық балуандар ел қоржынына 4 жүлде салды.
Ел құрамасынан Камиль Куруглиев (97 келі) финалда өзбек Айназар Базарбаевпен кездесті. Сайыс барысында қарсыласын қапы қалдырып, Азия чемпионы атанды.
Ал Мерей Базарбаев (57 келі), Мұхаметәлі Қабидолданов (70 келі), Мағжан Жанырбай (79 келі) қола жүлдегер атанды.
Енді 20 шілдеде 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы еркін күрестен 61, 74, 86, 92 және 125 келіде жүлделер сарапқа салынады.
Еске салсақ, Азия чемпионатында әйелдер күресінен қазақстандық балуандар 1 күміс, 4 қола алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.