Еркін Әбіл: «Ұлы дала» ұғымы жаңа Конституцияда тарихи сабақтастықты бекітеді

Фото: ortcom.kz

АСТАНА. KAZINFORM – «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы – тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің нақты дәлелі. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Конституция жобасын талқылау барысында депутат Еркін Әбіл айтты.

– Тарих – мемлекеттің ең сенімді тірегі. Қазақстанның жаңа Конституция жобасында тарихи сабақтастық ұстанымы алдыңғы қатарда қарастырылған. Бұл – мемлекеттің мыңжылдық даму тарихын, ұлттық мәдени кодын және басқару тәжірибесін құқықтық негізде айқындайтын нақты норма. Осы тұрғыдан «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы – тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің нақты дәлелі. «Ұлы дала» ұғымы – эмоциялық немесе поэтикалық тіркес емес. Бұл – Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи кеңістігі, мәдени коды және жауапкершілік философиясын бейнелейтін нақты ұғым. Тарихи сабақтастық елдің өткенін, бүгінін және болашағын жалғайтын құқықтық көпір іспетті. Ол өзімізге де, басқа елдерге де мемлекеттің терең тамырын, ұлттық дәстүрін және өркениеттік сабақтастығын түсіндіреді, - деді депутат.

Оның атап өтуінше, бұл ұстаным халықаралық тәжірибеге де сай келеді. Қытай, Венгрия, Польша, Литва секілді мемлекеттер өз Конституцияларында тарихи сабақтастықты ұлттық егемендіктің негізі ретінде нақтылаған.

– Бұл елдер оны қандай да бір қауіп төндіреді деп қабылдады деймісіздер? Жоқ. Ол ешқандай артықшылық та, бөлінушілік те тудырмайды. Керісінше, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын нығайта түседі. Қазақстан үшін де бұл – қисынды әрі әділетті қадам. Маңыздысы – бұл норма ешкімді бөліп-жармайды, керісінше, ортақ тарих пен құндылықтар төңірегінде қоғамды біріктіреді. Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, «Елдікті, бірлікті сақтайтын – адамдардың ортақ ойы мен ортақ мүддесі», - деді Еркін Әбіл.

Депутат осы қағида жас ұрпақ үшін де маңызды екенін айтады. Себебі елдің бірлігі мен тұрақтылығы ұлттық сананың беріктігіне тікелей байланысты.

– Егемендік пен Тәуелсіздік жаңа Конституцияның басты қағидаттары. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Мемлекеттің унитарлы сипаты – тұрақтылық пен біртұтастық кепілі. Қолданыстағы Конституцияда: «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп көрсетілген. Жаңа Конституцияда бұл тұжырым нақтыланып, былайша айқындалды, «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика». Осы жерде бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл – мемлекеттің аумақтық тұтастығын, құқықтық кеңістіктің біртұтастығын және басқару жүйесінің айқындығын қамтамасыз ететін норма, - деді ол.

Еркін Әбіл 3-баптағы норма да «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деп нақтыланғанына назар аудартты.

– Бұл – халықтың биліктің нақты субъект ретінде танылуы. Қарсы уәждер болуы мүмкін, кейбіреулер бұл норманы билік бөлінісін әлсіретеді деп ойлауы мүмкін. Алайда тәжірибе көрсеткендей, егемендіктің нақты субъектісін көрсету биліктің заңдылығын күшейтіп, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етеді. Осылайша, тарихи сабақтастық, «Ұлы дала» ұғымы, унитарлы мемлекет сипаты және халықтың егемендік иесі ретіндегі мәртебесі – жаңа Конституцияның өзара байланысты негізгі тіректерін құрайды. Барлығы бірге мемлекеттің құқықтық, тарихи және мәдени негізін бекітіп, тұрақтылық пен бірліктің кепілі болады, - деді ол.

Депутат бұл құжат тек құқықтық негіз ғана емес, қоғамдағы келісім мен сенімнің берік тірегі екенін атап өтті.

– Қорытындылай келе, жаңа Конституция – жаңа дәуірдің құқықтық қаңқасы. Ал «Ұлы дала» және тарихи сабақтастық – осы қаңқаны мазмұнмен, рухани мәнмен толықтыратын өзек. Тарихына сүйенген, егемендігін қорғай білетін, біртұтас мемлекеттілікті бекіткен ел ғана болашағын нық құра алады, - деді Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Жаңа Конституция жобасын талқылайтынын жазған едік.