Еркін Тұқымов: Түркі мемлекеттері ұйымын саясиландырмауымыз керек

Фото: Фото: Стратегиялық зерттеулер институты

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов түркі мемлекеттері ұйымын саясиландырмауға шақырды. Оның пікірінше, елдер экономика, инвестиция бойынша дамуы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Геосаяси тұрақсыздық, қарама-қайшылықтар болып жатқанда бізге проблема қажет емес. Бізге экономиканы дамытып, инвестициялар тарту қажет. Бүгінде түркі мемлекеттері ұйымының зерттеу орталығын құру, кадрларды даярлау туралы жақсы ұсыныстар айтылып жатыр. Біз доктор Илмазбен сөйлескен кезде, ол нақты жобалардан бастау керек екенін айтты. Түркі мемлекеттері ұйымы біреуге қарсы бағыт ұстанбайды, біздің ұйымды саясиландырмау керек. Біз пікірталасты прагматикалық және біздің мүддемізге сай жүргізіп жатырмыз», - деді Еркін Тұқымов елордада өтіп жатқан түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өкілдерімен кездесуде.

Сондай-ақ спикер түркі мемлекеттері ұйымының сараптамалық қоғамдастығы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуде шешуші рөл атқаратынын айтты.

«Біз күш-жігерімізді біріктіру үшін еліміздің ғылыми-сараптамалық топтарының өзара іс-қимылын кеңейту керек. Дәл осы сараптамалық деңгейде бар проблеманы түсініп, оны шешудің тиімді тәсілдерін әзірлеу қажет. Сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, инфрақұрылымдық сипаттағы зерттеу бағыттарын дамыту қажет. Мықты сараптамалық диалог түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің экономикасын дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», - дейді институт басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада түркі мемлекеттері ұйымына мүше және байқаушы мемлекеттердің ресми сыртқы саяси зерттеулер орталықтарының 9 кездесуі өтіп жатыр.