Бүгінде елімізде 800-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді. 2020 жылдан бастап құрылған Ұлттық және аймақтық фронт-офистер, «Qazvolonteer.kz» платформасы еріктілердің басын қосатын басты институттарға айналды. Десе де, қолданыстағы 2016 жылғы «Волонтерлік қызмет туралы» Заңға сай, еріктілердің еңбек өтіліне немесе әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты көптеген сұрақ басы ашық күйде қалған.
Заңнамалық реформа: Еріктілерді қолдаудың жаңа тетіктері
Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан талдау жұмыстары көрсеткендей, волонтерлікті дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы аясында заңнаманы жетілдірудің бірнеше маңызды бағыты айқындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сауалға берген жауабында атап өтті.
– Қазіргі уақытта волонтерлік қызметті жүзеге асыру барысында олардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бөлігінде волонтерлер үшін әлеуметтік кепілдіктерді енгізу қажеттілігі бар. Осыған байланысты волонтерлік өтілімді мемлекеттік және азаматтық қызметке түсу кезінде есепке алуды кеңейту, сондай-ақ төтенше жағдайларды жоюға, жоғалған адамдарды іздеуге қатысатын волонтерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл шаралар волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа Концепциясында өз көрінісін табады, – дейді ведомстводан.
Мәліметке сай, волонтерлік тәжірибені еңбек өтіліне теңестіру мәселесі бұған дейін де көтерілген, алайда халықаралық ұйымдар (ХЕҰ, БҰҰ) волонтерлікті ақысыз еңбек формасы ретінде қарастыратындықтан, елімізде оны тікелей еңбек өтіліне қосу емес, мемлекеттік қызметке тұру немесе оқуға түсу кезіндегі артықшылық ретінде пайдалану тиімді деп танылып отыр.
Қауіпсіздік пен сақтандыру – басты басымдық
Бүгінгі күні, әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде жұмыс істейтін волонтерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесі өзекті. Мәселен, су тасқыны кезінде еріктілердің атқарған еңбегі орасан, алайда олардың көбі арнайы дайындықсыз және медициналық бақылаусыз жұмыс істегені жасырын емес.
Осы орайда, Мәжіліс депутаты Николай Арсютин қолданыстағы құқықтық нормалардың сақтандыру тетіктерін міндеттемейтіндігі жағдайды күрделендіріп отырғанын айтады.
– Қолданыстағы заңнамада еріктілерді міндетті сақтандыру жайында талап жоқ. Олардың қауіпсіздігін сақтандыру мәселесі тек волонтер мен қабылдаушы ұйым арасындағы азаматтық-құқықтық шарт аясында ғана қарастырылуы мүмкін. Алайда бұл шара ерікті түрде жүзеге асады және іс жүзінде әрдайым қолданыла бермейді, – дейді ол.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде еріктілердің қауіпсіздігі мен олардың еңбегін заңдық тұрғыда бағалау мәселесін өңірдегі белсенділер де көтеріп отыр. Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы жастар орталығының басшысы Дархан Қуатов 2024 жылғы су тасқыны кезіндегі қиындықтарымен бөлісті.
– Оралдағы су тасқыны кезінде біздің университеттен 600-ге жуық волонтер шықты. Олар екі ауысыммен тоқтаусыз жұмыс істеп, бөгеттер тұрғызды, гуманитарлық көмекті сұрыптады, тіпті зообақ аумағында мұздай су кешіп, қауіпті аймақтарда жұмыс істедік. Иә, біз онлайн курстардан өтіп, қауіпсіздікті қадағалауға тырыстық, бірақ қасымызда медбике де, алғашқы көмек қобдишасы да болған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осындай қауіпті жұмыстарда волонтерлердің қасында міндетті түрде дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері жүруі керек деп есептеймін, – деді ол.
Сонымен қатар Дархан Қуатов волонтерлерге жұмыс өтілін қосқанды дұрыс деп санайды.
– Көптеген еріктілеріміз ресми жұмысқа кірмей, осы іспен шын жүректен айналысады. Олар ақша немесе марапат сұрап жұмыс істемейді, алайда мемлекет волонтерлік қызметті еңбек тәжірибесі ретінде есепке алсауды нақты енгізсе, бұл еріктілерге жасалған үлкен қамқорлық болар еді, – дейді Дархан Қуатов.
Еріктілерге қандай қолдау көрсетіледі?
Халықаралық тәжірибеде волонтерлік көбіне ақысыз еңбек ретінде қарастырылып, тікелей еңбек өтіліне қосылмаса да, елімізде басқадай ынталандыру шаралары әзірлену үстінде.
Атап айтқанда:
- Жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу кезінде волонтерлік тәжірибені қосымша критерий ретінде есепке алу;
- Студенттер үшін «Қоғамға қызмет ету» арнайы академиялық курсын енгізу;
- Мектеп оқушыларына арналған еріктілік факультативтерін ашу;
- Мемлекеттік және азаматтық қызметке тұру кезінде волонтерлік стажды ескеру механизмін кеңейту.
С. Жұманғариннің айтуынша, бұл процесті жеңілдету мен жүйелеуде волонтердің цифрлық паспортын енгізу көзделіп отыр.
– Бұл ретте халықаралық тәжірибе зерттеліп, Австралия мен АҚШ-та «Skills Passport» жүйесі, Еуроодақ елдерінде – «Erasmus », Ресей Федерациясында – «Dobro.ru» платформасы, ал Ұлыбританияда – «Volunteer Passport» цифрлық жүйесі қолданылатыны ескерілді. Бұл жаңашылдық еріктінің барлық еңбегін нақты есепке алуға мүмкіндік береді, – дейді ол депутаттық сауалға берген жауабында.
Болашаққа бағдар: Концепция–2030
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен волонтерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа Концепциясы әзірленіп жатыр. Онда еріктілерді әлеуметтік қолдаудың нақты тетіктері, қауіпсіздік кепілдіктері және «Шапағат» медалімен марапаттау аясын кеңейту мәселелері көрініс табады.
Мемлекет тарапынан жүйелі қолдаудың нәтижесінде бұған дейін де айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді. Мысалы Президенттің тапсырмасымен 2020 жылдан бастап жыл сайын «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы беріліп, оған осы уақытқа дейін Қазақстан мен шетелдік (Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей) 297 үздік ерікті ие болды. Сонымен қатар, БҰҰ Еріктілер бағдарламасы аясында 17 отандасымыз БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында халықаралық тәжірибе жинақтап қайтты.
Еріктілік – «ерігіп жүру» емес, азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалатын әрбір қадам еріктілердің қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуіне бағытталуға тиіс.
Еске сала кетейік, бұған дейін, «Волонтер жылы» аясында қандай шаралар ұйымдастырылатынан хабарлаған едік.