Ерлан Ақкенженов Александр Новакқа II дәрежелі «Достық» орденін табыстады

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәскеуде Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Александр Новакпен кездесу өткізіп, оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан II дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, награда қоғамдағы өзара келісімді сақтауға бағытталған жемісті жұмысы, екі халық арасындағы бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.

Кездесу барысында тараптар отын-энергетика кешеніндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективаларын, сондай-ақ энергетика саласындағы өзара тиімді іс-қимылды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

-Ресей мен Қазақстан арасында стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қарым-қатынастар қалыптасқан. Отын-энергетика кешеніндегі ынтымақтастық екіжақты күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі болып табылады және көпжылдық бірлескен жұмыс тәжірибесіне негізделген,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденкомен кездесті.