Ерлан Файзуллин Қостанай облыстық полиция департаментінің басшысы болды

Фото: пресс-служба полиции
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат — Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қостанай облыстық Полиция департаментінің жаңа басшысын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қостанай облысының активі мен жеке құрамына өңірлік Полиция департаментінің жаңа басшысын таныстырды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің ұйғарымымен, министр бұйрығымен Қостанай облыстық ПД басшысы қызметіне полиция генерал-майоры Файзуллин Ерлан Жұмасейітұлы тағайындалды.

«Ол ішкі істер органдарында 1995 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жедел бөлімшелерде 27 жылдан астам тәжірибесі бар. Өңірлеріңіз оған жақсы таныс. Ерлан Жұмасейітұлы Қостанай облысының тумасы. Полициядағы қызметін де осы жерде бастаған. Еңбек жолын жедел уәкіл қызметінен бастап, осы дәрежеге көтерілді. Қостанай облыстық ПД Федор аудандық полиция бөлімін 10 жылға жуық басқарды. 2012 жылдан 2017 жылға дейін Қостанай облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары болды. Сол себепті өңірдің барлық мәселесі мен ерекшеліктерін жақсы біледі», - деп атап өтті Игорь Лепеха.

Бұған дейін Ерлан Омарбеков Қостанай облысы Полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылғанын жазған едік.