Ерлан Гомаров Теміртау әкімінің орынбасары болып тағайындалды

ТЕМІРТАУ. KAZINFORM — Ерлан Гомаров Теміртау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол қала әкімінің аппаратын басқарған, сондай-ақ жер қатынастары бөлімінің басшысы болған.

Фото: Теміртау әкімдігі

Ерлан Гомаров 1990 жылғы 23 наурызда Теміртау қаласында дүниеге келген. 2011 жылы академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдап, құқық бакалавры дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2012 жылы Теміртау қаласының жер қатынастары бөлімінде бастаған. Әр жылдары осы бөлімде және қала әкімінің аппаратында бас маман, бас маман-заңгер, мемлекеттік-құқықтық бөлімнің басшысы қызметтерін атқарған.

2021–2025 жылдары Теміртау қаласының жер қатынастары бөлімін басқарды. 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы қазанға дейін қала әкімінің аппарат басшысы болды.

Бұған дейін Қарағанды облысының құрылыс басқармасының басшысы лауазымына Мақсат Мұқашев тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.