Ерлан Қарин: 1 шілдеден бастап Конституциялық реформаның үшінші кезеңі басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы бірқатар конституциялық заңға қол қойып, елдегі саяси реформалардың екінші кезеңін қорытындылады. Президент кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, 1 шілдеден бастап реформалардың үшінші кезеңі басталып, Құрылтай депутаттарын сайлау мен Қазақстан Халық Кеңесін құру арқылы мемлекеттік-саяси модельді жаңғырту жалғасады.

Фото: t.me/konstituciyalikreforma

Ерлан Қарин бүгін Мемлекет басшысы бірқатар конституциялық заңға қол қойғанын айтты:

— Қазақстан Республикасының Президенті туралы;

— Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы; 

— Қазақстан Халық Кеңесі туралы;

— Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы;

— Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы.

—  Референдумда қабылданған жаңа Ата Заң Конституциялық реформаның бірінші кезеңінде жүзеге асырылса, заңдардың және басқа да құқықтық актілер топтамасының бекітілуімен реформаның екінші кезеңі түйінделеді. Ал 1 шілдеден реформаның үшінші кезеңі басталады. Бұл мемлекеттік-саяси моделді жаңғыртуға бағытталған, — деп жазды Президент кеңесшісі.

Оның айтуынша, алдымен Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, одан кейін Қазақстан Халық Кеңесі құрылады, оның ізін ала биліктің өзге де негізгі институттары жаңарады.

— Реформалардың жалпы қисыны кезең-кезеңімен жүзеге асырылуында: алдымен тұжырымдама, содан соң құқықтық база, одан кейін мемлекеттің саяси моделінің жаңаруы. Өзгерістердің қарқынына да ерекше назар аударған жөн. Реформалар тоқтаусыз әрі мақсатты түрде жүргізілуде, сондай-ақ нақты әрі салмақты сабақтастыққа негізделген. Мұның барлығы Мемлекет басшысының саяси стиліне тән дүниелер. Осылайша, кең ауқымдағы қоғамдық келісімге сүйенген жүйелі әрі дәйекті жаңғыру қазіргі Қазақстанның басты ерекшелігіне айналып келеді, — деді ол.

Айта кетейік, Қарин бұған дейін Президент сөзіндегі 9 дәйекті ой-тұжырымды атаған болатын.