Ерлан Қарин: 2015 жылдың сайлауы не береді?

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин 2015 жылғы президенттік сайлаудың басты артықшылықтарын айтып берді.

«2015 жылдың сайлауы не береді? Сарапшылардың пікірталастарында бұл ең басты тақырыптардың бірі болмақ. Біріншіден, саяси мәдениет нығая түседі, Конституциялық нормаларды ұстану принципі бекиді. Осы пікірталастың барысында елде сайлау емес, референдум өткізу туралы да ұсынылған болатын. 2011 жылы референдумда 2 миллионнан астам дауыс жиналғанын айта кетейін. Бұл шамамен сайлаушылардың үштен бірі. Бірақ Мемлекет басшысы, Президент және Конституция кепілі ретінде екі модельдің ішінен сайлауды таңдады және президенттік сайлаудың мерзімін жария етті», - дейді Е.Қарин «Қазақстандағы президенттік сайлау - 2015: Ғаламдық сынақтардың алдын алу» атты дөңгелек үстел барысында.

- Меніңше, бұл сайлау елдегі жаңа партиялық-саяси жүйенің дамуына үлкен серпін береді. Себебі ол партиялардың бойынан қан жүгіртіп, белсендендіре түседі, саяси ұстанымдары мен технологияларын, жаңа құралдарды дамытады. Сарапшылардың көбі қазір саяси-партиялық өрісін жаңарту керектігін айтуда. Менің ойымша, егер партиялардың дені күтіліп отырғандай, Мемлекет Көшбасшысының кандидатурасын қолдайтын болса, Елбасының ұстанған бағытын қолдау бойынша өздерінің бағдарламаларын ұсынулары тиіс, онда олар Президент саясатының негізгі құндылықтарын айқындайтын болғаны абзал».

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі алма-ғайып заманда телевизия мен интернет адам санасына ықпал етудің басты құралы ретінде бірінші қатарға шығады.

«Қоғамдық пікіралмасудың форматы өзгеруде. Мәселен саяси технологияларда интернеттің үлесі қатты артқан. Телевизия мен ғаламтор қоғамдық пікірге әсер етудің негізгі құралы болмақ. Министрліктің соңғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда ғаламтор пайдаланушылардың саны 12 миллион адамнан асып жығылған. 2011 жылы ол тек 4 миллион адам деңгейінде ғана болатын. 2011 жылғы президенттік сайлаудан кейін интернет-кеңістік біршама артқан. Сонымен қатар коммуникацияның жаңа түрлері де кең етек жаюда, түрлі мессенджерлер сайлау барысында өз құралдарын ұлғайта бермек», - дейді саясаттанушы.

Институт басшысының атап көрсеткеніндей, сайлаудың тағы бір маңыздылығы - ол халықты Президенттің жаңа бағдарламаларының маңында жұмылдыруға үлкен ықпал жасайды.

«Ең бастысы, алдағы сайлау жалпықоғамдық көшбасшының мәртебесін ары қарай институционалдандыруға, жаңа құндылықтардың, қазақстандық құндылықтардың айналасында адамдарды топтастыруға әсер етеді. Сайлау жөніндегі түрлі пікірталастарда байқап отырмыз, халық Ұлт Көшбасшының маңында бір кісідей жұмылу қажет екендігін түсінеді. Сондықтан ресми жағдайлар ғана талқылануда», - деді ол.