Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру мекемелеріне енгізілгені белгілі. Осылайша, әр оқу ордасының өз бетінше жұмыс істеу тәжірибесі тыйылып, бұл үдеріс толықтай орталықтандырылды. Бұл бағдарламаның мақсаты оқушыларды - еңбекқорлық, әдептілік, білімпаздық, жауапкершілік, тазалық сияқты құндылықтарға баулу.
- «Адал азаматтың» мазмұнын жаңа талаптар мен сұраныстарға, іргелі өзгерістерге байланысты әрдайым жаңартып отыру маңызды. Бұл ретте Президент тапсырмасымен жаңа Конституцияның қабылдануына және қоғамда кітап оқу культін ілгерілетуге байланысты бағдарлама мен брендбук мазмұнына өзгерістер енгізіліп жатыр,-деді Ерлан Қарин.
Биылдың өзінде республика бойынша 2 мың мектепті қамту көзделіп отыр. Ал Астана қаласындағы жоспарға енгізілген 120 мектептің 90-ында тиісті жұмыстар ойдағыдай атқарылды. Бірыңғай тәрбие бағдарламасы мен дизайн-код қоғамдық этиканың жаңа жүйесін бекітуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жас ұрпақты тәртіп пен тазалыққа баулиды әрі жасампаз, прогрессивті құндылықтарды дамытады.
Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес еліміздің мектептерінде бірыңғай тәрбиелік орта қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы жаздық.