Ерлан Қарин: Елбасы мақаласы - мемлекеттік идеологияны анықтайтын саяси-идеологиялық құжат

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы - мемлекеттік идеологияны анықтайтын саяси-идеологиялық құжат. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазақстан» РТРК» АҚ басшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин осылай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ерлан Қарин мақаланың тек «Егемен Қазақстан» газетінде қазақ тілінде ғана жарық көргеніне назар аударады. «Бұл мақалада айтылған ойлар, тезистер ұлттық идеологияға, қазақ қоғамына арнайы бағытталғанын аңғартса керек. Сондықтан, бұл мақаланы қазақ халқына жолдау сияқты қабылдауға болады», - деп пайымдайды Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Елбасының мақаласы - мемлекеттік идеологияны анықтайтын, жаңа идеологиялық платформаға айналатын, саяси-идеологиялық құжат.

«Себебі ол саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық реформалардан соң идеологиялық саясатты модернизациялауды күн тәртібіне шығарды. Мәселен, латын қарпіне көшу өте маңызды шешім. Мен осы турасында бұрын да пікірімді айтқанмын, мәселе латын әліпбиіне көшуімізде емес, нақты өркениеттік таңдауымызды жасауымызда. Ендігі ретте Елбасы бұрын және бүгінгі ұсынып отырған жаңа тың идеяларды нақты іс жүзінде асырудың жоспарын ұсынып отыр. Бұл құжат - қазақ ұлттық мүддесінің стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа идеологиялық концепция. Ұлтты белгілі бір әрекетке жігерлендіретін, түрткі болатын принциптердің жиынтығы. Сондықтан, біз Президент мақаласында айтылған жаңа, тың идеяларды «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазақ» радиосының түрлі бағдарламаларында жан-жақты, салмақты талқылауды ұйымдастыруға әзірміз», - дейді Е. Қарин.