Ерлан Қарин этносаралық келісім мәселелеріне арналған республикалық жиын өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған республикалық жиын өткізді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған республикалық жиын өткізді. Басқосуға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері қатысты.
— Жиында этносаралық қатынас саласындағы өзекті мәселелер және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру шаралары қарастырылды. Ерлан Қарин «Заң және Тәртіп» қағидатының іс жүзінде орындалуына, сонымен қатар аймақтардағы қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілін әзірлеу мәселесіне айрықша назар аударды, — делінген хабарламада.
Мемлекеттік кеңесші ішкі саясаттағы негізгі мәселелерге қатысты құзырлы органдардың жұмысын үнемі проактивті режимде үйлестіріп отыру қажеттігін айрықша атап өтті.
Жиын соңында мемлекеттік органдар мен аймақ әкімдеріне қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға қатысты нақты тапсырмалар берілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен әл-Фараби атындағы ғылым мен техника және А. Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы 2025 жылғы мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияның отырысы өткен еді.