Ерлан Қарин: Қазақстандықтар үшін Жеңіс күні – маңызды әрі қасиетті дата

Фото: Фото: Сапарбек Жақсылық

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Мәскеуде «Ресей–Қазақстан: БАҚ өзара іс-қимылының өзекті мәселелері» атты медиафорумда айтты. Шараға Қазақстан тарапынан Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Қазақстан Президенті телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев және жетекші қазақстандық БАҚ басшылары қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің арнайы тілшісі.

Ерлан Қариннің айтуынша, «Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жақсы серпіні» болып саналатын бұл медиафорумда қос елдің жетекші БАҚ өкілдері өзекті ақпараттық күн тәртібін ғана емес, негізгі іс-шараларды, соның ішінде Жеңістің 80 жылдық мерейтойын баспасөзде жариялау бойынша болашақтағы өзара әрекеттестікті талқылайды.

«Біз ауқымды жоспарлар құрып отырмыз. Келесі форумды Қазақстанда, Астанада өткізу туралы келісімге келдік. Сондықтан бүгінгі шара шынымен де ынтымақтастығымыздың жақсы серпіні болып отыр. Қазақстандық делегация атынан ресейлік достарымызға жоғары деңгейдегі дәстүрлі қонақжайлылығы мен жылы ықыласпен қабылдағаны үшін шынайы алғысымды білдіремін. Ресми түрде біздің шарамыз дөңгелек үстел деп аталды. Кейін форум деп атау ұсынылды. Қалай аталса да, бұл жетекші ресейлік БАҚ басшылары қатысқан жоғары деңгейдегі баяғы достар кездесуі екеніне сенімдімін», - деді Ерлан Қарин өз сөзінде. 

Фото: Kazinform

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігін 120 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Қыркүйек айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мерейтойға арнайы құттықтау жолдаған болатын. Президент өз құттықтауында «осы мерейтойлық дата — ТАСС тарихындағы маңызды кезең. Бұл ресейлік журналистиканы қалыптастырушыларды ризашылықпен еске алып, даму үшін жаңа бағыттарды айқындайтын мүмкіндік» деп атап өтті. Бүгін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен үлкен делегациямен келіп, құрметімізді, қолдауымызды және достығымызды көрсету үшін келдік», - деді мемлекеттік кеңесші. 

Форум қатысушыларының арасында Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та болды. Ол мұндай форматтағы кездесу РФ Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында өтіп жатқанын баса айтты.

«Қазақстанда алдағы шараға үлкен мән беріліп отыр. Ресей басшысының сапары екіжақты ынтымақтастық пен одақтастық қатынастарды тереңдету тұрғысынан маңызды оқиға болары анық. Қазір бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жақсы қарқынмен дамып келеді. Мұны тауар айналымының жоғары көрсеткіштері айғақтайды. Ресей біздің еліміздің экономикасына инвестиция салу көлемі бойынша жетекші орындардың бірінде», - деп атап өтті Ерлан Қарин. 

Фото: Ақорда

Дмитрий Песков Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанда өтетін мемлекеттік сапарының кейбір тұстарын айтып, екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы диалогсыз толыққанды ынтымақтастықтың мүмкін болмайтынын атап өтті.

«Владимир Путиннің Қазақстанға сапарына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Әрбір жоғары деңгейдегі кездесу біздің көпқырлы ынтымақтастығымыздың дамуына жаңа серпін береді. Мемлекет басшылары сапар қарсаңында Қазақстан мен Ресейдің жетекші БАҚ беттерінде мақалалармен алмасады. Қазір бұл мақалалар дайындалуда, онда қос мемлекет басшылары қазіргі қатынастарды сақтап, дамыту қажет болып отырған қазіргі жағдайда екіжақты қарым-қатынастың оң сипатын тағы бір мәрте растайды. Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен БАҚ арасындағы диалогтың маңыздылығын асыра бағалау қиын шығар. Өйткені БАҚ өкілдері арасындағы диалогсыз біздің өзара қарым-қатынасымыз толыққанды бола алмайды», - деді Песков.

Форумға қатысушылар өз сөздерінде алда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тұрғанын атап өтті. Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстанда бұл мерейтойға арналған іс-шаралар 2025 жылдың қаңтарынан басталады.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанда тағы бір маңызды оқиға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық қалай жүріп жатқанын айтып өткім келеді. Қазақстанда бұл мерекеге көзқарас ерекше. Қазақстандықтар үшін Ұлы Жеңіс күні – маңызды әрі қасиетті дата. Біз ата-бабаларымыздың адамзат тарихында теңдесі жоқ ерлігін әрдайым есте сақтаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл көктемде, Атырауда өткен үлкен шара – Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде осы маңызды мерейтойға алдын ала мұқият дайындалу қажеттігін айтқан болатын. Соңғы бес-алты айда ауқымды жұмыс атқарылды. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде осы мерейтойға арналған түрлі форматтағы іс-шаралар басталады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстанда әскери «Айбын» ордендерінің дәрежелеріне Екінші дүниежүзілік соғыстың аңызға айналған батырларының есімдері берілді», - деді мемлекеттік кеңесші.

Фото: Kazinform

Өз кезегінде ТАСС агенттігінің бас директоры Андрей Кондрашов агенттік тарихи сирек кездесетін фотосуреттерді тегін ұсынуға дайын екенін айтты.

«ТАСС соғыс жылдарындағы фотосуреттердің үлкен архивіне ие, Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге байланысты кез келген идеяларды жүзеге асыру үшін қажеттінің бәрін тегін ұсынады. Бізге толық сенім артуға болады. Өздеріңіз білесіздер, Жеңіс туының Рейхстагқа тігілген сәтін түсірген Евгений Халдейдің аңызға айналған суреттерінен бастап, маңызды және тасада қалған фотоларға дейін – бәрі сіздерге қолжетімді. Өйткені біз ол Ұлы Жеңіске бірге жеттік», - деп атап өтті ТАСС басшысы.

Одан бөлек, медиафорум аясында Қазақстан мен Ресейдің жетекші БАҚ басшылары жасанды интеллекттің ықпалы мен әлеуметтік желілердің қарқынды даму жағдайындағы медианың қазіргі жай-күйін де талқылайды.

Фото: Kazinform