Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар бірінші оқылымда келесідей Конституциялық заң жобаларын қарады:
1. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы»;
2. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы»;
3. «Қазақстан Халық Кеңесі туралы».
Әкімшілік-аумақтық құрылыс және астананың мәртебесі туралы конституциялық заңдар мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуының орнықты құқықтық негізін қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңның ережелері мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының прогрессивті институционалдық моделін қалыптастыруға, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін дамытуға арналған. Бұл жаңа Конституцияның 4-бабындағы «халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы» деген нормаға толық сәйкес келеді.
Осылайша, конституциялық реформаны іске асыру жұмысы жүйелі түрде жалғасып жатыр.
12:47, 15 Мамыр 2026
Ерлан Қарин: Конституциялық реформаны іске асыру жұмысы жүйелі түрде жалғасып жатыр
АСТАНА.KAZINFORM – Биылғы наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, астананың мәртебесі, сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру конституциялық заңдармен айқындалады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.