Ерлан Қарин көптомдық тарих жобасының орындалу барысын тыңдады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан тарихына арналған көптомдық академиялық басылымды әзірлеу жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Жиынға редакция алқасы төрағасының орынбасары, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, редакциялық алқа мүшелері – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов, «Ұлттық аударма бюросы» қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Жайық Тоқтаров қатысты.

Мемлекеттік кеңесшіге «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық басылымның алты томын баспаға әзірлеу барысы туралы есеп берілді. Аталған жинақ редакция алқасының бұған дейінгі тоғыз отырысында қарастырылып, бекітілген.

Сондай-ақ кеңесте алдағы маусым айының басына жоспарланған редакциялық алқаның кезекті жиынын ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды. Басқосуда академиялық басылымның Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған қорытынды жетінші томы қаралады.

Бұдан бұрын Ерлан Қарин Президент неге Тәуелсіздік пен Егемендік сөздерін бас әріппен жазатынын түсіндіргенін жазған едік.