Ерлан Тынымбайұлы сол себепті нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Президенттің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып белгіленгенін атап өткен.
«Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес синтетикалық есірткінің таралуына қатысты қауіпті алғашқылардың бірі болып көтерді. Оған барша қоғамның назарын аударды.
Сондықтан бүгін Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының Кеңес алаңында талқылануы бекерден-бекер емес. Жоспар бойынша жоба 7 бөлімнен және 64 пункттен тұрады. Ол ең алдымен, нашақорлықтан оңалтуды және есірткіге тәуелділер санын азайтуды көздейді. Осы арада мұндай жоспардың 2016 жылдан бері қабылданбағанын айта кету керек», - деді Мемлекеттік кеңесші.
Оның пайымынша, кешенді жоспарды тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Жастар саясаты жөніндегі кеңес нашақорлыққа қарсы қоғамдық қозғалыстың бастамашыларының бірі ретінде Кешенді жоспардың әзірленуіне, сондай-ақ қабылдануына белсенді түрде атсалысады. Ал сонан соң оның орындалуын өз бақылауында ұстайтын болады.