Ерлан Қарин Президент сөйлеген сөзінде келер ұрпақтың мүддесі үшін жүзеге асырылатын жүйелі өзгерістерге баса назар аударғанын атап өтті. «Халықтық құрылыс» міндеттері халықтық цифрлық экономиканы дамытумен тығыз сабақтастырылып, Жолдаудың өн бойынан көрініс тапты. Мемлекет күш-жігерін бүкіл азаматтық инфрақұрылымды жаңғыртудың іргелі мәселелеріне шоғырландырып отыр.
Вице-Президенттің айтуынша, мемлекет қордаланған жүйелі проблемаларды біртіндеп шешіп, болашақтағы дамудың берік негізін қалауда.
— Президент Жолдауда стратегиялық маңызы бар жаңа бастамаларды көтерді. Олар Құрылтай тарапынан сапалы заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді. Осы бағытта партия фракцияларымен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуге дайынбыз, — деді Ерлан Қарин.
Партия фракцияларының жетекшілері Жолдауда көтерілген бастамаларды қолдап, ашық әрі сындарлы ынтымақтастыққа және бірлескен жұмысқа дайын екенін мәлімдеді.
Кездесуге «Әділет» партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Айтуғанов, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Дания Еспаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов, сондай-ақ Президенттің Құрылтайдағы Өкілдігінің басшысы Мұрат Қайырбек қатысты.
Бұған дейін Ерлан Қарин Президент Жолдауын іске асырудың үш негізгі міндетін атағанын жаздық.
Сондай-ақ бүгін Вице-Президент БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілімен кездесіп, үш жылда балалар құқығын қорғауға арналған 11 заң қабылданғанын айтты.