Ерлан Қарин: Ішкі саясат саласындағы құжат — мемлекеттік саясаттың идеялық мәнін түсінуге мүмкіндік береді
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аталған Жарлыққа қатысты өз ойын айтты.
— Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен ІV отырысында Мемлекет басшысы бірқатар сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ішкі саясат саласында тұжырымдамалық құжат қабылдау қажеттігі жөніндегі бастамасын қолдады. Президент Әкімшілігі жарты жылдан астам уақыт бойы түрлі диалог алаңдарында Ұлттық құрылтай мүшелерінің, сарапшылардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен пікірталастар ұйымдастырды, — деп жазды ол.
Мемлекеттік кеңесші сарапшылық талқылаулардың нәтижесінде ішкі саясат саласында жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелейтін тұжырымдамалық құжаттың жобасы әзірленгенін айтты.
— Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеп, үйлестіруді көздейтін құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Сонымен қатар бұл қоғамға жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың идеялық мәнін және еліміздің болашақтағы бейнесінің айқын бағытын түсінуге мүмкіндік береді, — деді Ерлан Қарин.
Айта кетейік, Президент Әкімшілігі мен мүдделі мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, сөйлеген сөздерін, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын негізге ала отырып, «Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» құжатын дайындады. Толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.