— Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық тарих мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің жаңа бастамалары мен идеялары отандық тарих ғылымына түбегейлі бетбұрыс әкелді. 4-5 жыл ішінде кем дегенде он жыл бойы атқарылатын жұмыстар бірден қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Осы жылдар аралығында төл тарихымызды жаңғыртуда үлкен бетбұрыс жасалды. Соның бірі — Қазақстан тарихының академиялық көптомдығы. Сондықтан, осындай іргелі істерге бастамашы болып, оған бәріміздің қатысуымызға мүмкіндік бергені үшін тарихшылар қауымдастығы атынан және редакциялық алқа мүшелері атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер, — деді Ерлан Қарин Редакциялық алқаның қорытынды 14-ші отырысында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының бастамасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, 2,5 миллионнан астам архивтік материалдан құпиялылық грифі алынып тасталды.
Сондай-ақ, Президент шет мемлекеттердің архивтері мен кітапханаларында сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды елге әкелуге бастамашылық етті. Бұл іс «Архив-2025» жобасы аясында жүзеге асырылды.
Айта кетелік «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылым мақұлданған еді.