Ерлан Қарин: Ұлттық бірегейлік пен бірліктің бірден бір негізі — тұтастық

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин Президенттің қазақтарды бөлмеу туралы сөзін қолдады. Ол қазақ қоғамындағы ескі көзқарастардан арылуға шақырды.

Фото: Ақорда

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясына қатысты. Жиында бір сағаттан астам уақыт сөз сөйледі. Бірқатар тақырыптарды қамтып, өз ой-пікірін ортаға салды. Көптеген азамат байқаған болар, Президент соңғы уақытта сөйлеген сөздерінің барлығында елді елең еткізер, талқыға түрткі болар ойларын ашық айтып жүр. Осыған дейін Президенттің тарихты тек қасірет ретінде көрсету, жаңа әдептерді қалыптастыру, тазалықты сақтау туралы пікірлері қоғамда қызу талқыланғанын білеміз, — деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Ерлан Қарин қоғамды тежейтін ескі нарративтерден бас тарту керек екенін айтты.

— Мемлекет басшысы бүгін де ауыл мен қаланы бөлмеу, адамдарды «асфальтта» өскен қазақтар, шала қазақтар, нағыз қазақтар деп алаламау туралы ойымен бөлісті. Мұның бәрі кезінде қалыптасып кеткен, бүгінде әбден ескірген, ұлттың дамуына кері әсер ететін нарративтер. Шын мәнінде, Президент көпшіліктің көкейінде жүрген дүниені айтты деп ойлаймын. Оны Халық Кеңесінің жиынына қатысқан адамдардың құптап, қолдағанынан-ақ байқауға болады, — деді вице-президент.

Ол ұлттық бірегейлік пен бірліктің бірден бір негізі — тұтастық, яғни, азаматтарды бөліп-жармау, жік-жікке бөлмеу екенін алға тартты.

— Мемлекет басшысы бүгінгі жиындағы ой-пікірі арқылы қоғамда орныққан кейбір ұстанымдар мен жекелеген құндылықтарды қайта қарау керек екенін аңғартты. Расында, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, бірегейлігімізді одан әрі нығайтамыз десек, қоғамның дамуын тежейтін кейбір екіұшты көзқарастардан бас тартқан абзал. Ұлттық бірегейлік пен бірліктің бірден бір негізі — тұтастық, яғни, азаматтарды бөліп-жармау, жік-жікке бөлмеу. Сондықтан Президент айтқан ойдың түпкі мәні ұлттық менталитет пен психологияда қалыптасып кеткен осындай кеселдерден арылу керектігінде болып тұр. Мұны да ендігі жерде назарға алуға тиіспіз, — деп түйіндеді Қарин.

Осыдан бұрын Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қараңғылықтан басқа берері жоқ ескілік ұстанымдарына қатаң тосқауыл қоюымыз керек екенін айтқан еді.