Ерлан Қарин: Ұлттық кеңес – сындарлы пікірталастар өтетін зияткерлік алаң

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі ротацияға түсініктеме берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Бұған дейін мәлімдегендей, Ұлттық кеңестің қызметіне қоғам белсенділерін тарту мақсатында ҰҚСК құрамы мерзімді түрде ротация жүргізіп отырады. Ұлттық кеңеске жалпы күн тәртібін жаңартып, жаңа тақырыптар мен ұсыныстар айтатын жаңа белсенділер мен сарапшылар келуі керек. Ұлттық кеңестің ерекшелігі де осында – бұл сындарлы пікірталастар өтетін жанды және белсенді зияткерлік алаң», – деп жазды Ерлан Қарин Telegram-дағы өз аккаунтында.

«Осыған байланысты Ұлттық кеңестің құрамына жаңа қоғам қайраткерлері мен сарапшылар енгізілді. Атап айтқанда, Ұлттық кеңеске «Дос» тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Ерділдинова, «Atameken Business» телеарнасының бас директоры Қанат Сахарьянов, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров, танымал журналист, блогер Өркен Кенжебек және медиа сарапшы Максим Рожин кірді.

Өз кезегінде, ротация аясында Ұлттық кеңес құрамынан Бағдат Мусин, Данияр Әшімбаев, Мұхтар Тайжан, Сейдахмет Құттықадам және Жәнібек Қожық шығарылды. Әріптестеріме бірлескен белсенді жұмыс үшін алғыс айтқым келеді. Бір жылдан аз уақыт ішінде Ұлттық кеңес аясында елдің экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуы саласындағы маңызды реформалар жүзеге асырылды. Маңызды заңдар мен нормативтік құқықтық актілердің ауқымды пакеті қабылданды. Мамыр айында Ұлттық кеңестің үшінші отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша Президенттің жаңа бастамаларын іске асыру жөніндегі жоспар қабылданды. Сондай-ақ, ҰҚСК бірқатар мүшесінің ұсынысы бойынша Кеңес құрылымында мәдени-рухани даму мәселелерін қарастыратын тағы бір топ құрылады», – деп атап өтті Ерлан Қарин.


Соңғы жаңалықтар